Зайсан аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өткізілді

2016 жылдың 24 наурызында аудандық мәслихат депутаты Б.Тлеужановтың төрағалығымен аудандық мәслихаттың кезекті он бірінші сессиясы болып өтті.
Сессияда «2016 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті бекіту туралы» Зайсан ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Н.Қабидолдинаның есебі және Шығыс Қазақстан облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Лебо Егор Валерьяновичтің осы мәселе бойынша облыстық тексеру комиссиясының қорытындысы тыңдалып, жылдық есепті депутаттар бірауыздан бекітті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Ауданның су құбырларын, тазарту құрылыстарын, жылу мен электр желілерін және басқа да көліктік және инженерлік инфрақұрылымдар обьектілерінің құрылысын салуды және пайдалануды ұйымдастыру жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы» мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Ә.Құсайыновтың баяндамасы тыңдалды. Депутаттар осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен бірге, Зайсан ауданының елді мекендеріне табиғи газ жүйесін тарту жұмыстарында, Зайсан қаласының кәріз су жүйесінің тарифтерін арзандатуда, Зайсан қаласында тұрғын үй салуға жер телімдерін сұрап отырған азаматтардың өтініштерін қанағаттандыруда жұмыс жеткіліксіз жүргізіліп отырғанын айтты. Осы күн тәртібіндегі мәселе бойынша басқа да атқарылмай жатқан жұмыстарды атап көрсетіп, жұмысты жақсартуды ұсынды.
Сессияда «Зайсан ауданында халыққа дәрігерлік қызмет көрсетуде атқарылып жатқан жұмыстары туралы» Зайсан аудандық аурухананың бас дәрігері Е.Бүркітов баяндама жасады. Депутаттар Қ.Сайранов, М.Бошақов, Р.Тауасаров, Ф.Мұхаметқалиев шығып сөйлеп халыққа дәрігерлік қызмет көрсетудегі бірқатар кемшіліктерді сынға алды. Мәслихат депутаттары аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Е.Бүркітовке халыққа дәрігерлік қызмет көрсету жұмыстарын жақсартуды және айтылған сын ескертпелерді орындау мақсатында іс-шаралар жоспарын жасап іске асыруды ұсынды.
Сессияда айтылған сын-ескертпелердің, ұсыныстардың және аудан әкімінің халықпен кездесулерінде халыққа дәрігерлік қызмет көрсету бойынша айтылған сын – ескертпелердің орындалуы аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында тыңдалсын деген шешім қабылданды.
Сондай-ақ, осы сессияда «Зайсан аудандық аумақтық, аудандық мәслихатқа депутаттарды сайлау жөніндегі округтік, учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы» 2014 жылға 18 сәуірдегі № 25-2 шешімге өзгерістер енгізу туралы», «Зайсан аудандық мәслихат аппараты мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін жыл сайынғы бағалаудың әдістемесін бекіту туралы» мәселелер қаралып, шешімдер қабылданды. Сессияда аудандық әкімдіктің құрамына жасалған өзгерістерге келісім берілді. Келесі кезекті сессияның төрағасы болып депутат Қ.Б.Шалбарбаев сайланды.

Аудандық мәслихаттың ақпараттық қызметі