«Рухани жаңғыру»

Зайсан  ауданының әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ, «Жас Отан» Жастар Қанаты және аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен бүгін 6 наурыз күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай  жас аналарға көңіл бөлу, жастарды ұлттық салт-дәстүрге, отбасы құндылықтарын дәріптеуге ынталандыру мақсатында «Аяулы жас келін» атты келіндер арасында сайыс өтті. Сайыс «Ұмытылып бара жатқан ұлттық тағам», «бауырсақ пісіру» және  өзін-өзі таныстыру, интелектуалдық сайыс, өнер көрсету, сән үлгісін көрсету кезеңдерінен тұрды. Байқауға барлығы 8 қатысушы қатысты.  Олар Қалкенова Айгерім Сартерек ауылы, Құрманова Жадыра Қарабұлақ ауылы, Бұғыбай Бағизат Шілікті ауылы, Алдыбаева Гүлнұр Шілікті ауылы, Мауытайқызы Мөлдір Кеңсай ауылы, Слямбекова Назерке Біржан ауылы, Какеева Айнұр Дайыр ауылы, Аубакирова Іңкәр Қарабұлақ ауылы. Әділ-қазы мүшелігі қатарында Шотаева Райса, Сақажанова Әмина, Құпиева Бану, Сүлейменова Алма, Айгөзина Нұрқия апайларымыз әділ бағаларын берді. Бірінші кезең барысыныда барлық келіндердің қолынан бал тамғандай бауырсақтарын үлбіретіп дайындап, түрлі дәмді кісе қуырдақ, жау жүрек, ми палау, әсіп, үлпершек, быламық, қарын бүрме атты ұмытылып бара жатқан қазақтың дәстүрлі тағамдарын ұсынды.  Ал екінші кезең барысында өзін-өзі таныстырудан соң келіндердің ой-өрісін таразыға салатын интеллектуалдық сұрақтарға жауап беру сәті де келіп қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет ғұрыптары туралы сұрақ қойылды. Барлық қатысушылар сұраққа мүдірмей жауап берді. Кезек өнер сайысына келгенде ибалығын сақтап, иілген келіндеріміз барын салды. Бұл кезеңде ән айтып, би билеу ғана емес, алаша тігіп, тоқыма тоқу, тағы басқа қолөнер шеберлігін де көрсетуге болады. Әр қатысушы әнімен де, биімен де, өнерімен де көрермендер мен әділ қазыларды тамсандырды. Соңғы сән үлгісін көрсету кезеңінде көздің жауын алатын қазақтың сәнді ұлттық киімдері көрсетілді. Барлық жас келіндер сайысқа бар ынтасы мен күшін салып дайындалған. Сайыс қорытындысы бойынша 3 орынды Сартерек ауылының келіні Қалкенова Айгерім, 2 орынды  Шілікті ауылының келіні Алдыбаева Гүнұр, 1 орынды Дайыр ауылының келіні Какеева Айнұр және бас жүлдені Қарабұлақ ауылының келіні Аубакирова Іңкәр иеленіп аудан әкімінің дипломымен марапатталып бағалы сыйлықтармен ардақталды. Ал қалған қатысушылар белсене қатысқаны үшін алғыс хатпен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дүйсенбаева Зумрад Дүйсенбайқызы және мәдениет үйінің басшысы Сиырбаев Серікбол Құнапияұлы барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, құттықтауларын жеткізді. Зайсан ауданының әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ атынан аудандық мәдениет үйінің ұжымына алғыс білдіреміз! Мерекелеріңізбен!