2018 жылдың наурыздың 26-нан сәуір айының 28-не дейін ШҚО бойынша сарып ауруының алдын алу бойынша айлық өтуде.   

Сарып қандай ауру?

Сарып немесе сал ауруы (бруцеллез) – адамдарға ауру малдан  жұғатын, адам денесінің буын, жүйке, жыныс мүшелерінің зақымдануына әкеліп соғатын, аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі.

Ауру қоздырғышы (бруцелла микробы) сыртқы ортаның әсеріне өте шыдамды келеді: сүт өнімдерінде 25 күнге дейін сақталып, мал терісінде 3-4 ай,  суда 5 ай, топырақта 2-3 ай өмір сүрсе, салқын жерде ұзақ сақталады. Ауру малдардың ішіндегі ең қауіптісі усақ мал (қой мен ешкі), өткен жылы ауырған адамдардың 66,7% ауруды усақ малдарды бағып қағу кезінде жұқтырды. Ауру қоздырғыштары сыртқы ортаға ауырған малдардың тезегі, қиы, зәрі, шуы, тағы басқалар арқылы бөлініп тарайды.

Аурудың негізгі белгілері қандай? Ауру қоздырғыштары адам денесіне әсіресе мал төлдету, оны бағып-қағу, ауру малды сою, жіліктеу, немесе жүнін қырқу кезінде тері арқылы енеді. Ал күнделікті тұрмыста: ауырған малдың қайнатылмаған сүтін ішкенде, сол сүттен дайындалған қаймақ, сарымай, ірімшік,  шала пісірілген ет тағамдарын  пайдаланғанда жұғады. Сол сияқты, ауылды жерлерде отын ретінде мал тезегін дайындау кезінде жұғуы мүмкін.

Сарып ауруының негізгі белгілері ауру жұқтырғаннан кейін 7-30 күн өткен соң біліне бастайды: адам өзінің тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай, басы ауырып, делсал болып бойының ауыр тартқанын сезеді.емделмеген жағдайда ауру күшейіп, науқастың дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, қол-аяғы сырқырап, белі ауырып, түнге қарай малшынып терлеп, ұйқысы бұзылып, мойын, қолтық асты, шабының бездері ісіп ауырады. Дәрігерлерге көрінбей, өзінше емделген жағдайда ауру созылмалы түрге айналып, науқас адамның белі шойырылып, қол-аяқ буындары ісіп, қозғалтпай ауырып, әрең бүгіліді. Буын-буындарға сары су толып, буындардың қалыпты түрі өзгереді. Ауру 2-3 жылдан көп жылға дейін созылып,  кейбіреулер жұмысқа жарамай сал, мүгедек болып қалуы ықтимал.

Мал арасында аурудың негізгі белгілері: малдың ақсап журуі, аяқ буындарының ісінуі, көбінесе саулық малдың желініне ісік пайда болуы, іш тастуы, еркек малдардың (бұқалар, қошқарлар, текелер т.б.) енінің ұлғаюы  сияқты өзгерістер байқалғанда мал иелері міндетті түрде жылдам мал дәрігеріне хабарлауы керек. 

Сарыптан сақтану жолдары қандай? Сарыптың  тек ауру малдардан немесе мал өнімдерінен жұғатынын ескерсек, бірінші кезекте сақтану шараларын аурудың көзі болып табылатын себептерді жоюдан бастаған жөн. Ол үшін, жекеменшік мал иелері мен шағын шаруашылығы басшылары, жергілікті әкімдер мен мал дәрігерлерімен бірлесіп, қожалықтағы немесе жекеменшіктегі барлық мал басын түгелдей есепке алып, уақтысында ауру-сауын тексеріп, сарыпқа және де басқа қауіпті ауруларға қарсы ектіріп отыруы керек. Ауруы анықталған малды мал дәрігерімен ақылдасып көп ұзатпай (бекітілген ереже бойынша ) ауру малды сойып,    өңдейтін арнайы орындарға тапсыруы керек. 

 Ауру малды өзге малдан бөлектеп, іш тастаған малдың төлін, шуын арнайы құралдармен немесе айырмен, күрекпен алып мал төлдеген жердің сабан-шөбін, топырағымен қоса алып,  қорадан аулық жерге апарып, иттер қазып ала алмайтындай етіп, 1-1,5 метрдей тереңдікке көміп тастау керек. Ауру малды бағып-қағушылар үстінде арнайы санитарлық киімдер: халат, резіңке етік пен қолғап, алдына су өтпейтін алжапқыш байлап, жұмыс істесе өте жөн. Қолды жиі сабындап жуып жүрудің де маңызы өте зор. Мал алу немесе сату кезінде мал дәрігеріне көрсетіп, малдың саулығы туралы  анықтама алу керек.

Ауру малдар бағылатын қорада темекі тартуға, тамақтануға, демалыс жасауға болмайды. Жаңа туған төлді үйге кіргізудің де қажеті жоқ, себебі, үйдегі сәбиге, балаларға, отбасы мүшелеріне ауру жуғуы мүмкін. Мал немесе малдың еті мен сүтін сатып алғанда,  сатушылардан малдың саулығы туралы мал дәрігердің анықтамасын талап етіңіздер. 

Құрметті аудан тұрғындары! Орындалуы қарапайым ғана, жоғарыда көрсетілген ережелерді мұқият орындасаңыздар, тек сарып емес, малдан жұғатын көптеген басқа да аса қауіпті аурулардан аулақ боласыздар.  

Зайсан аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы Ш.Қ. Жакупова.