Ұрлық түбі – қорлық 

Басты мақсат – қылмыстың алдын алу

 

«Мал баққанға бітеді» дегендей, төрт түлік малдың қадір-қасиетін білетіндерге оны өсірудің машақаты жақсы мәлім. Алайда, сол жазғы-қысқы бағымын қадағалап, азығын дайындап, тұратын орнын жайлап, күтіп отырған үй жануары табан астында қолды болып кетіп жататын жағдайлар да жоқ емес.

Өңірдің экономикасын өркендетуде мал шаруашылығының қосар үлесі мол. Алайда, маңдай терін төгіп, өсірген малының қорадан да, өрістен де ұрылардың қанжығасында кеткеніне күйініп, сол үшін құқық қорғау органдарының жұмысына өкпесі қара қазандай болып жүргендер  аз емес. Сонымен қатар, ұрылар жылқыны үйірімен, ұсақ малды табынымен айдап кетуден қаймықпайды. Бүгінгі күндегі мәліметке сүйенсек, Зайсан ауданы аумағында 67785 ірі қара малы, 14701 жылқы, 153925 ұсақ мал  аудан тұрғындарының негізгі табысы.

Сондықтан, мал ұрлығы қылмысының алдын алу және оның  деңгейін төмендету жұмысы Зайсан аудандық ішкі істер бөлімі қызметінің басты бағытының бірі болып табылады. Алайда ұрлыққа тосқауыл қою мемлекет пен қоғамның ортақ қызметі болуы керек.

“Ұрлыққа қарсы, соның ішінде мал ұрлығына байланысты, оның алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен 2018-2020 жылдарға арналған бағдарлама қолданысқа енгізілген. Бағдарлама негізінде аудан бойынша аудандық ішкі істер бөлімінің  учаскелік полиция инспекторлары аудан тұрғындарымен 32 рет кездесу өткізіп, міндетті түрде малды сырғалау және таңбалау, малды кезекпен ұжымдасып бағу, ломбардтар жұмысын реттеу арқылы мал ұрлығынан қорғау секілді ұсыныстар жеткізілген. Егерде мал иелері ветеринария Заңнамаларын сақтамай, малдарын өз еркімен сырғалату, таңбалатудан жалтаратын болса жауапкершілікке тартылатындығы  ескертілген. 8 ауылдық округте  иесіз жүрген малдарды қамау тұрақтары  ашылып, жұмыстар жүргізілуде.

Ағымдағы жылы кісінің мүлкіне қиянат жасағандар саны артқан. Пәтер ұрлықтарының ерекшеліктеріне келер болсақ, тіпті күрделі құлыптар да, терезелердегі тор да қылмыскерлерге бөгет бола алмады. Пәтердің қосымша кілттерін көрнекі жерлерге, бөтен үйлерге, кілемшенің астына қалдырмау керектігін ескертеміз. Ұрыларды әдеттегідей, ақша мен алтын қызықтырады. Сонымен қатар, қаракүзен тондарды да ұрлайды. Әдетте ұрлық күннің бірінші жартысында, балалар мектепте, үлкендер жұмыста болған кезде жасалады. Сондықтан әркім өз мүлкін сақтау үшін қоғамдық орындарда, аулаларда, үй подъездерінде бейнебақылау камераларын орнатып, көп қабатты үйлерде бекітілетін темір (домофон) есіктерін, дабыл батырмаларын орнату, қоғамдық көліктерді бейне тіркеуіштермен жабдықтау, үйлердің, дүкендердің техникалық беріктігін қадағалау қажет.

Айта кететін жайт, қараусыз жүрген мал тек ұрылардың тегін олжасы емес, егілген егістіктерді,  маяларды таптау, ауыл шаруашылығы дақылдарын бүлдіріп немесе жойып, егіс алқаптарын зақымдайды және қараусыз жол жиегінде жүрген малдардың салдарынан ауданда жол-көлік оқиғалары да жиі орын алуда. Сол себепті мал иелеріне қараусыз  жүрген малдары  үшін жауапкершілік қарастырылғандығын ескертеміз. Жыл басынан бастап бос жүрген малдардың жол үстіне шығып кету себебінен жол-көлік оқиғасы бойынша 12 дерек тіркелген. Оның ішінде 4 жол-көлік оқиғасының кінәлі тұлғасын жол үстіне бос шығып кеткен малдың енсіз, таңбасыз болуына байланысты әлі күнге дейін анықтау мүмкін болмады.

Мал ұрлықтарына талдау жасағанда анықталғандай оның 80 пайызы иелерінің малдарына қарамай иесіз жіберетіндіктен жайылымнан жоғалып, олар мал ұрлығымен айналысатын  қылмыскерге оңай олжа болуы себеп болған. Сонымен қатар мал иелері өз күштерімен малды іздеп тым кеш арызданатындары қылмыстың ашылуына да кедергісін тигізеді, себебі мал ұрлау қылмысының  ізі суып кеткеннен кейін алдын-ала шұғыл жедел іздестіру жұмыстарының сапасы шамалы болып табылады.

Жыл басынан бері Зайсан ауданында мал ұрлығы бойынша 12 дерек тіркеліп, оның ішінде мал ұрлықтары дәлелденіп, 3 дерегі ҚР ҚК-нің 188 бабына сәйкес сотқа жіберілген. Жоғалу орындары бойынша 2-і қорадан, 10-ы өрістен  қолды болған.

Малдардың жоғалу себебі бойынша біріншіден, қойларды, ірі қара мен жылқыларды ұстауға арналған орындар бекітіліп-жабылатын құрылғылармен жабдықталмаған, бұл қылмыскерлердің қораларға қандай да бір кедергісіз кіріп, қылмыстық ойын оңай жүзеге асыруына жағдай туғызады. Мал қораларының ұрлық жасаудан тиісті деңгейде қорғалуы қамтамасыз етілмеген. Яғни, жарықпен қамтамасыз етілмеген, тұрғын үйден алшақта орналасқан және мал иелерінің өздері жоқ уақытта ешкімге тапсырмай қараусыз қалдыруы. Сонымен қатар, кейбір шаруа қожалықтарының басшылары нысандардың техникалық нығайтылымына қажетті деңгейде көңіл бөлмеуінде. Соның салдарынан мал ашық қораларда ұсталады және тиісті деңгейде күзетілмейді. Көп жағдайда, күзетшілер жастары ұлғайған адамдар болғандықтан, жағдай қиындаған сәттерде жылдам қимылдауға қабілетсіз  болып келеді. Жайылымнан малдың жоғалуы жазғы уақытта мал иелерінің малшы жалдамай жайлауға қараусыз малдарын жіберуінен орын алып отыр.

Екіншіден, мал бағудың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы, яғни бақташылармен келісім-шарттардың жасалмауы, ауылдық округ әкімдерінің тарапынан бұл мәселенің бақылауға алынбауы, сонымен қатар, халықтың өз қолындағы малына салғырт қарауының салдары болып табылады.

Шекараға жақын аумақтарда малдардың ұрлануына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында мемлекеттік шекаралар зерттелген.  Қолданыстағы нұсқаулыққа сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шекараның бақыланатын аумақтарында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге тыйым салынған. Сонымен бірге, жекелеген жағдайларда, жәбірленушілердің өздері де мемлекеттік шекарадан кедергісіз өте алмай жатады, себебі шекараны жеңілдетілген тәртіппен кесіп өту тек нақты белгіленген күндері ғана мүмкін болады. Бұл тәртіп қылмыстардың ізін суытпай ашуға айтарлықтай кедергі келтіреді.

Бағдарлама аясында Зайсан қаласында орналасқан банк қызметкерлерімен де кездесу ұйымдастырылып, бөтеннің мүлкін қорғау бойынша өзекті мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, банк ішіндегі азаматтарға жеке мүліктеріне ие болуына ескертулер жасалды, банк күзетшілері тәулік ішінде ғимаратқа кіріп шығатын азаматтарға бақылау жүргізу, күдік тудыратын азаматтарды анықтау, жеке тұлғалар бойынша ақпарат таратпау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Прокуратура, мемлекеттік, жергілікті және өзін-өзі басқару, сондай-ақ, мүдделі уәкілетті органдармен бірлесе отырып,  бөтеннің мүлкін ұрлауды тоқтатуға және оның алдын алу үшін атқарылатын жұмыстарды қарқынды түрде жүргізілуі қажет. Қылмыспен күрестің тиімділігін арттыруға арналған бірлескен кешенді іс-шаралар әзірлеу керек деп есептеймін.

Аудан көлемінде мал ұрлығының алдын алуға бағытталған жұмысты жалпы қоғам болып тоқтатпаса, тек  ішкі істер бөлімінің  күшімен мал ұрлығы қылмысын азайту мүмкін емес.  Бірлескен іс-шаралар арқылы ғана қылмыспен күресуде оң жетістіктерге жетуге болатыны осыған дәлел болып отыр.

 

Е.Байжұманов,
Зайсан аудандық ішкі істер бөлімінің  бастығы, полиция полковнигі.