«Отбасы құндылығы» аясында спорттық сайыс

Елбасы  өз сөзінде «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деген еді. Қоғамның маңызды бөлшегі, ұлт тірегі отбасы құндылығы қашанда алдыңғы орында.

Елімізде  «Отбасылық сот» атты пилоттық жоба аясында қыруар жұмыстар атқарылып, қаншама сәби ата-анасының мейірім құшағына бөленіп, қаншама отбасы ажырасудан аман қалды.

Ал, Зайсан аудандық сотында биылдан бастап «Отбасылық сот» кабинеті ашылған болатын. Онда судья Ш.Оспанова кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың ісін қарауға мамандандырылып отыр.

Осы жоба аясында Зайсан аудандық сотының төрағасы Нияз Хасенбаевтың бастамасымен жуырда Ломоносов атындағы орта мектебінде  отбасылар арасында спорттық сайыс  ұйымдастырылды.

Оған ауданымыздағы ерікті мүгедектер қоғамдық бірлестігінен  екі отбасы және ерікті түрде бір отбасы қатысты.

Жарыс шымылдығы мемлекеттік Әнұранымызбен ашылып, «Томирис» би тобының көңілді флешмоб биімен жалғасты. Ломоносов мектебінің биші қыздарының мың бұралған биі мен кішкентай бүлдіршініміз Сәбиолда Аружанның орындауындағы «Мерекем» әні қатысушы отбасыларға  ерекше көтеріңкі көңіл - күй сыйлады.

Құттықтау сөз алған Зайсан аудандық сотының төрағасы Н.Хасенбаев айтулы  сайыс ана мен баланың қоғамдағы рөлін айшықтаумен қатар, мүмкіншілігі шектеулі жандар мен толыққанды отбасының  да қоғамдағы рөлі теңдей екенін  насихаттау аясында ұйымдастырылғанын атап өтті.

Оларға әділ  бағаларын берген әділқазылар алқасы құрамында «Зайсан аудандық ерікті мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәкей Сәбиолда, Зайсан аудандық сотының бас маманы Талант Тоқтарбекұлы, Ломоносов мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі  Рысбек Мұқайұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері Еркебұлан Жанатұлы және зейнеткер ұстаз Айтмұханбек Аубакиров болды.

Жарыс қорытындысын жариялау үшін зейнеткер ұстаз Айтмуханбек Аубакиров сөз алып, осындай тәрбиелік мәні бар, балаларды  еңбекқорлыққа, бауырмалдыққа жетелейтін спорттық сайыстар өз жалғасын таба берсін деген ақ тілегін білдірді.

Тоғыз түрлі бөлімнен тұрған спорттық сайыс нәтижесінде   ІІІ орынды «Тұлпар» , ІІ орынды «Бақыт» командалары еншілесе, жүлделі І орын «Береке» командасына бұйырды. Қатысушыларға қаржылай демеушілік жасап отырған  «Тарбағатай Мұнай» ЖШС-нің өкілі Берік Зейнебекұлы құттықтау сөз сөйлеп, әр отбасына ақшалай сыйлықтарын табыс етті.

Жарыс соңында «Зайсан аудандық ерікті мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәкей Сәбиолда үлкен тебіреніспен сайыстың жоғары дәрежеде өткенін айтып, қатысушы отбасыларға амандық, жанұяларына бақыт, береке-бірлік тіледі. Сондай-ақ, жеңіске жеткен Болатовтар отбасының анасы Жазира ұйымдастырушылар мен демеушілерге аналық алғысын білдіріп, балапандарға бір күндік болсын қуаныш сыйлаған жандарға басын иіп тұрып құрмет көрсетті.

Айтулы шараның ойдағыдай сәтті өтуіне ықпал еткен, ұйымдастырушы топтың мүшелеріне Зайсан аудандық сотының төрағасы Нияз Хасенбаевтың мадақтама грамотасы табысталды.

Зайсан аудандық сотының баспасөз қызметі.